«Астана дарыны» өңірлік ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен Астана қаласы білім беру мекемелері оқушыларының арасында «Шабыт көкжиегінде» жас авторлардың шағын әдеби жанрындағы шығармашылық байқауы өтті.
«Астана дарыны» өңірлік ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен Астана қаласы білім беру мекемелері оқушыларының арасында «Шабыт көкжиегінде» жас авторлардың шағын әдеби жанрындағы шығармашылық байқауына біздің мектептің оқушылары да өз туындыларын жіберген болатын. Сайысқа тапсырылған шығармаларды бағалап іріктеу үшін құрылған сараптамалық кеңестің құрамында белгілі ақын, «Argymak.kz» порталының бас редакторы Ержан Жаубай, С.Сейфуллин атындағы мұражайдың аға ғылыми қызметкері Құрманғалиев Ілияс Рысбекұлы, жастар арасында танымал ақын Ажар Ерболған, Астана қаласы білім басқармасының қазақ тілі мен әдебиеті пәні жөніндегі әдіскері Байахметбаева Күнімбала Ізтөлеуқызы және «Шалқар» радиосы бағдарламаларының бас редакторы Алмахан Мұхамедқалиқызы болды. Жыр мүшайрасына жалпы орта білім беретін мектептерден барлығы 57 оқушы қатысып, олар жас ерекшеліктеріне қарай екі топқа бөлінді: 11-13 жас аралығы мен 14-18 жас аралығындағы үміткерлер. Қатысушылардың ішіндегі ең көбі №68 орта мектебінің шәкірттері екенін қазылар алқасы атап өтті. Осы жыр жарысында мектебіміздің оқушылары Өтеген Тоғжан, Алпысбай Мұхаммеджан, Сатыбаева Назгүл, Ыбырай Данияр, Қасенова Тоғжан, Рамазан Қымбат сертификаттармен марапатталды. Шығармалары үздіктердің қатарынан табылған Ұзақбаева Шапағат ІІ орын иеленсе, Әдетхан Рая ІІІ орынға қол жеткізді. Назарларыңызға жүлделі орын алған жас ақындарымыздың өлеңдерін ұсынамыз.
Ел тарланы – Махамбет!
Қазақтың таумен тең ұлы, Істер жасаған ең ірі. Ел тарланы – Махамбет, Исатайдың серігі.
Халықтың айтып зар мұңын, Ерлікке бастап барлығын. Бодан болудан бас тартты, Жәңгірдің қылмай жарлығын.
Санасын кернеп сан арман, Еліне қарап тоналған. Басын қосып әскердің, Жері үшін құрбан бола алған.
Жалынды ақын, батырым, Өзгеден биік ақылың. Жұмыр қылыштай күйіңде, Жігерге толы жатыр үн.
Өлеңмен айтып датыңды, Жібермедің хақыңды. «Мен, мен едім» дегенің, Сұлтанға оқ боп атылды.
Көп тілді білген, білімді, Жалындатып жырыңды. Жүрген кезде Махамбет, Басына бір мұң ілінді.
Тағдырдан асып озбады, Таусылды, бірақ тозбады. Исатайдан айрылып, «Қызғыш құс» деп боздады.
Есесін елдің қайтарған, Ащы шындықты айта алған. Басын алса да бассыздар, Махамбет мәңгі – майталман!
Ұзақбаева Шапағат 7 «Ә» сыныбы
Тәуелсіздік
Ежелден аңсап атам мен анам, Арыла алмай жүргенде бодан. Сыздаған ұзақ, табылмай дауа, Ауыртқан әркез жаныңды жараң.
Арман болған бабама ертегідей, Қолға келді шындық боп елге міне-ей. Ебін тауып әзерге тоқып біткен, Тәуелсіздік – өрмекші өрмегіндей.
Сол өрмекті сақтайық қарашықтай, Елден ерек бүлдіргі ала шықпай. Келмегенін оп-оңай тәуелсіздік, Әр қазағым ойланып, баласы ұққай.
Тәуелсіздік, тәуелсіз қалам, далам, Тәуелсіз ойым картадай тарамданған. Бізге әперген осындай замананы, Қалды ма екен бабамда тағы да арман?!
Қалды ма екен бабамда тағы да арман?! Көк аттыдан қорғадың жалаңданған. Енді біздің жағаға қарай да алмас, Сенің жыртып, аталар, жағаңды алған.
Әдетхан Рая 9 «А» сыныбы
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі: Сағидолда Қ.