Жақында мектебіміздің акт залында «Ұлы даланың ұлы мұраты» деген тақырыпта әдеби-сазды кеш өтті.
Жақында мектебіміздің акт залында «Ұлы даланың ұлы мұраты» деген тақырыпта әдеби-сазды кеш өтті. Қазақ хандығынан бастап тәуелсіз Қазақстанға дейінгі оқиғалар желісінің негізінде дайындалған кеш тарихи-сахналандырылған қойылымдарымен есте қалды. Егемен ел болу жолындағы батыр бабаларымыз бен асыл ағаларымыздың табандылықтарын көрсеткен салтанатты шараға ҚР Ұлттық мұрағатының Бас директоры, Міржақыптанушы ғалым – Абсаметов Марат Оралбайұлы, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінің «Алаш» институтының директоры, Әлихантанушы – Сұлтан-Хан Жүсіп Аққұлұлы, Л.Гумилев атындағы Евразия Ұлттық Университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент – Кемеңгер Қайырбек және тағы да басқа құрметті қонақтар қатысты.
Жоғары сынып оқушылары Тәуке ханның «Жеті жарғысы», Алаш арыстары жөнінде «Мұрат үшін майдан» сияқты пьесалардан үзінділер көрсетті. Мектебіміздің күміс көмей, жез таңдай әншілері Дарбаев Ғалымжан, Сабитова Дильназ, Мысырғажы Мадияр, Таңатқанов Рүстем патриоттық әндер шырқаса, "Тұмар" би ансамблі мың бұрала қазақ биін биледі, жас ақындарымыз Ұзақбаева Шапағат пен Әдетхан Рая жалынды жырларын жатқа айтты. Ал Келденова Жанел, Қожабек Шарапат, Алпысбай Мұхаммеджан, Сәпиева Айғаным секілді көркем сөз оқу шеберлері тәуелсіздік туралы өлеңдерді өз дәрежесінде оқыды. Кеш соңында мәртебелі меймандар алғыстарын айтып, оқушылармен естелікке суретке түсті.