Салалар
Талқылаулар
Новость
Мектебіміздің директоры Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталды
Астана қаласы Жамбыл Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназиясының директоры Базаргүл Сағындыққызы Сыздыкова Қазақстан Республикасының білім беру саласында көптеген жылдар бойы қызмет атқарып, болашақ ұрпақ тәрбиесіне елеулі үлес қосуда. Мемлекетіміз үлкен сенім артып отырған жас балалардың әрдайым қамқорлықта болуына, жан-жақты да терең білім алуына аса зор жауапкершілікпен қарап, еліміздің ертеңгі тірегі болатын бүлдіршіндер болашағының баянды етуін өзінің адамдық парызының бірі деп санап келеді.
«Ұстаз – мәңгі нұрдың қызметшісі, ол барлық ой мен қимыл-әрекетіне ақылдың дәнін сеуіп, нұр құятын тынымсыз лаулаған жалын иесі»-демекші бала бақытын аялауды мақсат еткен ұстаз өзінің өмірлік және педагогикалық тәжірибесінде жинақтаған білімі мен білігін оқушының санасына сіңіруде.
Кез келген өскелең ұрпақ үлкендерден көргенін істеп, сол арқылы өз бойына үлгі-өнеге жинайды. Мектепте сол үлгі мен өнеге дұрыс жолға қойылып, ұлттық тәлім мен тәрбиенің жаңашыл үрдісте қамтылуына назар аударатын Базаргүл Сағындықызы алдыңғы қатарлы педагогикалық, инновациялық оқыту тәсілдерін меңгеруде де озық.
Бүгін Базаргүл Сағындыққызының сол қажырлы ісі халық назарына ілініп, мемлекеттік және қоғамдық қызметте сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін ҚР президенті Н.Назарбаевтың 2015 жылдың 3 желтоқсанындағы Жарлығымен Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталып, зор мәртебеге ие болды.