Салалар
Талқылаулар
Новость
Сөз өнерінің шыңы-айтыс
Айтыскер ақындармен ерекше бас қосуға куә болған ата-аналар атынан Хожамұрат Қарлығаш Бекпатшақызы, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Астана қалалық филиалының жетекшісі және ата-аналар комитетінің мүшесі Клара Джумашева алғыс білдіріп жатыр.
Ақындардың басы қосылса, «ақыл арнасы ағылады» деген сөз бүгінгі кездесудің мәнін аша түскендей.Білім бұлағынан сусындап отырған мектеп оқушыларына, көмейіне сөздің құсы ұя салған айтыскер ақындармен кездесу ерекше әсер етті. Әсіресе, Балғынбек Имашовтай бетке тұтар ақын кездесуге келгеніне қуаныштымыз. Жандарбек Бұлғақовпен бірге осы мектептің түлектері Мейіржан Әлібеков, Сырым Әуесхан сияқты жас та болса, танымал айтыскер ақындармен кездесу, пікір алмасу, ой бөлісу еркін өрбіді. Жақсының жақсылығын көре білу бар да, оны айта жүру, үлгі ете білу бар, Осы бағытта шәкірттеріне үлгі алу мақсатында ұйымдастырған игі бастама. Жамбыл Жабаев атындағы мектеп ұжымында, жылда Республика көлемінде ақындар айтысын ұйымдастырып отырады. Сөз кезегінде, мектеп директоры наурыз айында кезекті айтыстың өтетінін жариялады. Алғашқы болып сөз тізгінін алған Балғынбек мырза, мектеп ұжымына алғысын айта отырып, бүгінгі күннің басты ұстанымы-ұлдарымыздың намысты болуын баса айтты. Еркектен мыс кетсе, қыздан ұят кететінін, әрбір сынып ұлдары өз сыныптас қыздарына қамқор болуын, қарындасын қандай қызғыштан қорыса, сыныптасын да сондай қорғауын баса айтты. Өзінің балалық шағынан естеліктер айтып, ең алғашқы айтысқа қалай келгенін тамаша тартымды әңгімелеп берді. Оқығаны да, көкейге тоқығаны да жетерлік Балғынбек мырза уақыттың тапшылығын айта отырып сұрақтарға жауап беріп, көсіле сөйлеп, жиынға қатысып отырған ата –аналар мен оқушыларды риза етті. Ал Жандарбек- айналайын ол өз алдына бір төбе бала ғой, адамдық қалыпты биік ұстау- кімге де болса үлкен сын, адамгершілік деген асыл қасиет. Оны аласартып алмау - әрбір азамттың парызы екенін басты бағдарға ұстану арқалы айтыскер ақынның жастарға айтары көп болды. Мектеп қабырғасындағы қызықты оқиғаларын еске алып, досына шығарма жазуға көмек еткенін,ол шығарманың жартысы ойдан құралған, жалған жазылғанын, оқытушы ашуланып жыртып тастағаны туралы айтып, бізді күлкіге қарқ қылды. Кештің жүргізушісі Сырым сөз кезегін Мейіржанға берді. Өзі түлеп ұшқан мектебіне алғысын айтып, өзінен үміт күтіп анасындай болған ұстаздарына жылы лебізін білдіріп, біраз оқиғалардың басын ашты.Екі сағаттың қалай өткенін білмей де қалыппыз. Арасында оқушылар сұрақтар қойып жатты, сұрақтардың ішінде ең маңыздысы -бірден үш сұрақ қойған қыз баланың сұрағы болды. Бірінші: «Сіздердің осындай жетістікке жетуіңіздің сыры неде? Екінші: Кітап көп, қандай кітап оқуды ұсынар едіңіз? Үшінші: Мәңгілік елдің ұрпақтары қандай болу керек?- деп ойлайсыздар, дееген сұрақ қойды. Риза болған Балғынбек мырза, мәңгілік елдің ұрпақтары дәл сендей болу керек, білімді, батыл, алғыр, ержүрек, керек кезде елі үшін кеудесін отпен, оққа тосатын, тәуелсіздігімізді көзінің қарашығындай сақтайтын деп тоқтады. Жандарбек болса «қандай кітап оқысақ» деген сұраққа: «Бес ғасыр жырлайды» кітаптарынан бір шумақ жаттап алсаң, өміріңе азық болар еді, дүниені бүлдіретін де, бүтіндейтін де сөз, сөз құдіретін түсініп сөйлеңдер, қазақ қашанда сөзге тоқтаған, бір ауыз сөзбен көп нәрсені ұғындырған, сұрағыңа рахмет, - деп ол да өз ризашылығын білдірді. Мейіржан өлең шумағын оқып, жетістікке жетудің жолы ізденумен, талмай еңбек ету керектігін, адам жанына ізгілік нәрін сепкен ұстаздан артық кім бар? Олардың жомарт жүрегін, кіршіксіз таза көңілін, жаныңды баурар ақыл кеңесін, сарқылмас білім қайнарын қалай ұмытарсың, - деп ағынан ақтарылды. Кеш өз мәресіне жетіп, бәріміз мәре сәре болдық, әрқайсысымен жеке-жеке кездесу өткізсе де артық болмайтын, айтары бар азаматтарға, алғыстан басқа айтарымыз болмай, қимай қоштастық. Көздері оттай жанып, әсерленген оқушылар жапа-тармағай ақындармен суретке түсіп жатты. Бұл кеш өзге кештерден өзгеше болып, алған әсерімізбен сіздермен бөлісуді жөн көрдік. Қай заман да болса да ең өзекті, уақыт күттірмейтін, күн тәртібіне түспейтін ұрпақ тәрбиесі екенін, сол жолда мектеп ұжымы талмай еңбек етіп келе жатқанын және мектеп ақын Жамбыл Жабаев атында болғандықтан, ақындарға жақын екендігін айтып, мектеп директоры Базаркүл Сағындыққызы келген қонақтарға алғысын айтып шығарып салды.
«Наурыз айында өтетін Республикалық ақындар айтысында кездесейік, - деп ақындармен қош айтыстық. Кешті осы мектептің түлегі айтыскер ақын Сырым Әуезхан жүргізді. Мерекені ұйымдастырушы ұстаздарға, мектеп ұжымына мың алғыс!
Осындай игі бастамаларыңызға шексіз алғыстан басқа айтарымыз жоқ, осы мектепті қызым бітірді, енді екі немерем оқып жатыр. Жүз жылдан аса тарихы бар қасиетті қара шаңырақтан елін сүйетін ұландар тәрбиеленіп, түлеп ұша берсін! Тәуелсіз еліміздің көк туы көкте желбіреп, мәңгілік қазақ елі жасай берсін.