Салалар
Талқылаулар
Новость
"Жамбыл-жырдың пырағы" қалалық Жамбыл оқулары өтті
Күні кеше жүз жылдық тарихы бар іргелі шаңырақ Жамбыл Жабаев мектебінде қалалық Жамбыл оқулары өтті.
Тозығы жеткен заман апатқа ұшырағанда, талай елдің қымбаттысы мен қасиеттісін астына ала құлайды, топырақ астына, күл астына көме құлайды. Бірақ көмген мен көмілгендік бір жола өлгендік, өшкендік емес. Жер бетінде ой зираты, даналық зираты жоқ еш жерде. Қай заманда туса да асыл ой өлген емес, поэзия өлген емес. Сөзге өлім жоқ. Сөз арқылы тараған ойға өлім жоқ. Жамбыл Жабаев та жиырмасыншы ғасырдың Гомері еді. Гомер қайта келмес, Жамбыл да келмес. Бірақ оның өзі, сөзі тарих бетінде самаладай сайрап жатады. Ол мәңгі тірі, ұрпақтарымен бірге жасай береді.
Бұған дәлел күні кеше жүз жылдық тарихы бар іргелі шаңырақ Жамбыл Жабаев мектебінде өткен қалалық іс-шаралар еді. Іс-шара барысында қала мектептерінің оқушылары «Тыңда, дала, Жамбылды», «Жүз жасаған атама жыр арнаймын», «Жамбыл әлемі» номинациялары бойынша ақын өлеңдерін жатқа оқудан, өз шығармашылықтарынан,ғылыми-тәжірибелік баяндамалар оқудан өзара сынға түсті. Ақын өлеңін мәнерлеп оқыған оқушылар Жамбыл ата өлеңдерінің сөз маржанын көпшілікке паш ете отырып, мүдірместен 30-45өлеңді жатқа оқыды. Нәтижесінде 3-орынды №78 мектептен Шұғаева Айғаным, №40 мектептен Даулетбаева Аружан, №62 мектептен Серік Нұрасыл алса, 2-орынды №4 мектептен Алданазар Айдана мен №51 мектептен Бақыт Есбол бөлісті, ал №5 мектептің 6-сынып оқушысы Сатмұхамбетова Арай 1-орын иеленді. №24 мектептің 8-сынып оқушысы Қонысбай Абылай Жамбыл атасының 45 өлеңін мүдірместен жатқа оқып, шығарманың тіл табиғатын жоғары деңгейде жеткізе біліп бас жүлдені қанжығасына байлады. «Жүз жасаған атама жыр арнаймын» номинациясы бойынша 11 ақын оқушы өзара бақ сынасты. Оқушылар жыр алыбына деген ыстық ықыластары мен перзенттік парыздарын жүректерін жарып шыққан өлең жолдарымен білдірді. Мүшайра нәтижесінде 3-орынды №57 мектептен Алимолда Жанерке, №80 мектептен Тілеуберген Толғанай,№7 мектептен САдуақас Ерасыл өзара бөліссе,2-орынды №69 мектептен САлықов Азамат пен №78 мектептен Жанат Балғынбек бөлісті. Ал жүлделі 1-орынға №4 мектептің 9-сынып оқушысы Алданазар Қадыргүл лайық деп танылып, №71 мектептің 7-сынып оқушысы Ержанова Элеонора бас жүлдені қанжығасына байлады. Сонымен қатар оқушылар Жамбыл өлеңдерін оқып ғана қоймай, шығармашылығын зерттеп,зерделеп, ғылыми тұрғыдан қорғады. Бұл ғылыми-тәжірибелік конференцияның қорытындысы бойынша 3-орынды Жанболат ,№78 мектептен Орынбай Оразгүл,№40 мектептен Амандық Айтолқын иеленсе, 2-орынды №4 мектептен Гүлбай Мағжан мен №54 мектептен Жидебеков Райымбек, 1-орынды №50 мектептен Нұржауова Айдана иеленді. Бүінгі сынға түскен ұрпақтары Жамбыл мұрасының өмірлік екендігін тағы бір дәлелдеп, ұлтымыздың асыл қазынасы екендігін айғақтады. Пәкістанның аты әлемге әйгілі ақыны Фаиз Ахмад Фаиз былай деген екен:
- Жамбыл - қазақ халқы сияқты өте бақытты адам, ол туған халқының даңқын бүкіл әлемге жайды. Жамбыл-қазақ халқының, қазақ елінің мақтанышы. Ұлы Жамбыл сықылды ақыны бар халық-шын бақытты халық! Шынында Жамбыл атамыз артына өшпес мұра қалдырды. Оның шығармалары дүние жүзінде қырық алтыдан астам тілге аударылды. Ат-есімі кең тарап, кереметтей кең жайылған ең алғашқы қазақ баласы - Жамбыл Жабайұлы.