Салалар
Талқылаулар
Новость
УА , ЕРКІНДІК, СЕНСІҢ МЕНІҢ ЕҢ ҒАЖАЙЫП ӨЛЕҢІМ....
Бүгін Астана қаласындағы 74 мектеп-гимназияда қазақ тілі мен əдебиеті пəні бірлестігінің ұйымдастыруымен өскелең ұрпақты əдебиетке, өнерге баулу мақсатында " Уа , еркіндік , сенсің менің ең ғажайып өлеңім" атты қаламы қарымды ақын - Қалқаман Саринмен кездесу кеші өтті.
Өмірдің өзін өлеңмен өрген өміршең өлеңдердің авторы Қалқаман ағамызға білім ордамыздың оқушылары құрмет көрсетіп, ақынның сөзіне жазылған "Күзгі бақ" , " Аяла" секілді əндерді орындап, сағыныш сезіміне толы мөлдір мұңнан туындаған жауһар жырларын жатқа оқыды. Өмірін өлеңмен өрнектей білген ақын өлең оқыған жас өрендердің, жырмен сусындаған көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, жастардың болашағына сəттілік тілеп, сүбелі сөзін сөйлеп, салиқалы ойларымен бөлісті. Кеш соңында гимназия директоры Жеңісгүл Темірханқызы білім ордасының оқушыларымен кездесуге алтын уақытын бөліп келген ақын ағамыз , елдің арда ұлы Қалқаман Саринге жылы лебізі мен ұжым атынан алғысын білдірді. Кеш соңы құрметті қонақпен естелік-суретке түсуге ұласты. Əдебиет əлемінде қалам тербеп, сұлу сөздер тізбегінен өлең өріп , "өлеңнің ұлы өлкесін өмірлік мекен етіп" жүрген шоқтығы биік, ойы терең, өзі дара Қалқамандай азаматтарымыз барда қазақтың қара өлеңі өміршең бола бермек. Ақын ағамыздың жазары көп болғай!