Салалар
Талқылаулар
Новость
«БАСТАУЫШ МЕКТЕПТІҢ ЖАЗҒЫ СЕССИЯСЫ»: САПАЛЫ ӨЗГЕРІСТЕР МЕН КӘСІБИ ДАМУҒА БАҒЫТТАЛҒАН АЛАҢ
«БАСТАУЫШ МЕКТЕПТІҢ ЖАЗҒЫ СЕССИЯСЫ»: САПАЛЫ ӨЗГЕРІСТЕР МЕН КӘСІБИ ДАМУҒА БАҒЫТТАЛҒАН АЛАҢ
2026 жылғы 16 шілдеде Астана қаласындағы Spectrum International School мектебінің базасында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі мен Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы ұйымдастырған «Бастауыш мектеп – сапалы өзгерістер және кәсіби даму» тақырыбындағы бастауыш мектептің республикалық жазғы сессиясының алғашқы күні өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасы Конституциясын, «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасын, «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын, «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру аясында, сондай-ақ білім беру жүйесіне жасанды интеллект технологияларын енгізу жағдайында 2026–2027 оқу жылына арналған бастауыш білім берудің басым бағыттарын тиімді жүзеге асыру бойынша педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыру.
Жазғы сессияға еліміздің барлық өңірлерінен бастауыш сынып мұғалімдері, білім басқармалары мен әдістемелік орталықтардың өкілдері қатысты. Іс-шара кәсіби диалог орнатуға, тәжірибе алмасуға және бастауыш білім беруді дамытуға қатысты өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік берді.
Қатысушыларға Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Досбергенқызы Сүлейменова құттықтау сөз сөйлеп, бастауыш білім сапасын арттырудың, педагогтердің кәсіби дамуын қолдаудың және қазіргі заман талаптарына сай білім беру саясатын жетілдірудің маңыздылығына тоқталды.
Пленарлық отырыста 2026–2027 оқу жылына арналған бастауыш білім беруді дамытудың басым бағыттары, «Адал азамат» бағдарламасының құндылықтарын оқу-тәрбие үдерісіне кіріктіру, бағалаудың жаңартылған моделі, 4-сынып оқушыларының МОДО нәтижелері, сондай-ақ педагогтің кәсіби қызметінде жасанды интеллект мүмкіндіктерін қолдану мәселелері қарастырылды.
Күннің екінші жартысында жұмыс жаңартылған үлгілік оқу бағдарламаларын іске асыруға арналған воркшоптар форматында жалғасты. Қатысушылар оқу бағдарламалары мазмұнының ерекшеліктерін, оқу мақсаттарындағы өзгерістерді, білім беру үдерісін жоспарлау, тиімді педагогикалық тәжірибелерді пайдалану, критериалды бағалау және жасанды интеллект құралдарын қолдану мәселелерін талқылады.
Бірінші күннің бағдарламасы «Leonardo da Vinci: Genius of the Renaissance» халықаралық көрмесіне оқу-танымдық экскурсиямен қорытындыланды. Қатысушылар Леонардо да Винчидің инженерлік әзірлемелерімен, ғылыми жаңалықтарымен және көркем мұрасымен заманауи интерактивті форматта танысып, көрме педагогтердің кәсіби дүниетанымын кеңейтуге ықпал етті.